Құрметті оқырмандар!!!! Назарларыңызға Төменгі Қайрақты ауылдық кітапханасы "Туған жерге тағзым
Бұл шараның мақсаты: әлеуметтік желі оқырмандарына ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді.
Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Еліміздің әр өлкесінде халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ білуі тиіс”, – деп атап өткен болатын.
Сондай біртуар перзенттердің бірі – өрнекті өлеңімен сөз кестесін төгілдіріп, өз заманында кеңінен танылған Сәрінжіп ақын.
Сәрінжіп Әзбергенұлы 1862 жылы Шет ауданы Тағылы тауының баурайында туған. Жастайынан өнер қуып, ақындықты өзіне мұрат тұтқан. Сегіз жасынан молдадан оқыған, медресені тәмамдаған. Арабша оқуды, жазуды өте жақсы білген. Сәрінжіп хат танысымен, он жасынан бастап өлең жазған, көп алдында іркілмей сөйлейтін адам болған. Ер жете келе өте дарынды, төкпе ақын болған. Атақты Нарменбет, Дияқажы ақындардың тұғырлас замандасы, олармен араласыпттұрған. Көптеген өлеңі әлеуметтік теңсіздік тақырыбын қамтып, суреттеген. Арқаға қайта оралған елмен бірге туған жерге жеткен Сәрінжіп ақын «Жастерек» колхозын ұйымдастырушылардың бірі. Қазақ халқы небір ауыртпашылықтарды басынан өткізген, оған қайыспай төзе де білген халық.
1931 жылы «Найзакескен» деген жерде топтап кісі атқанда, соңынан іздер барған Сәрінжіптің мына бір жоқтауынан, ақынның нағыз «елім» деп еңіреген ер екенін көреміз.
«Көрмейін деп едім,
Шыққыр көзім не көрдің.
Қайран қазақ баласы,
Ажалыңнан өлмедің.
Біреуге себеп болар ма ем,
Ерте неге келмедім?
Осыншама қазақ баласын
Айтқандарыңа сенбедім».
(Көбжан Бәйменұлынан алынған).Әзбергенұлы Сәрінжіп Бесатаның Кәрсөн руының Шүршіт тармағынан шыққан.
Бір жылы бүкіл Көрсөн, Керней елі, ақ қызыл қашып қуғанда (1919ж) ақтардың жолдағы елді қырып келе жатқанын естіген соң, үрке көшіп Шу бойына үдере қашады. Сонда Сәрінжіп ақынның ақынның ата – мекен, жер – суын қимай қоштасқаны:
Арқаның кейін қалды жайлаулары,
Балауса шөбі шүйгін суы дәрі.
Қозы – лақ қызғалдақты жабыла жеп,
Кенелген бүлдіргенге балалары.
Арқаның тауы биік, талы аласа,
Ағады өзендері тайталаса.
Көк қасқа тастан атып бұлақтары,
Сылдырап, былдырлайды жас балаша.
Құтырған тай жабағы, тоқты қашып,
Ерге бақ, жерде дәулет бірдей қонып,
Бірімен бірі тұрды араласып,
Көк Өзек, Нілдіменен, Тілеуберген.
Биігі Тағылының Жолдап биік,
Тұрады көкке тіреп, басын иіп.
Шығады шалғындары кісі бойы,
Алалмас мұқым ел болып шөбін жиып.
Бүркітті,Жалпақпенен,Шүмек өзен,
Жаз жайлап,күзеуші едік,алып күзем.
Халқыма ырыс болып, қыдыр шалған,
Қалайша құт – мекеннен күдер үзем.
Таз, бапы, Ақсайменен, Андас бұлақ,
Одан әрі жататын Жалпақ құлап,
Әзіл – қалжың жарасып қатарыңмен,
Көк шалғында жатушы ек қатар сұлап.
Мойынты Кетеменен, Күрең белім,
Мекендей қоныс еткен қалың елім.
Арқалы, Жерүйменен, Керегетас,
Кейін қалып барасың қайран жерім.
Танымдық сағатты осы сілтеме арқылы көре аласыздар:
https://www.instagram.com/tv/CGzgqI2JMIz/?utm_source=ig_web_copy_link